воскресенье, 10 ноября 2013 г.

Сыр ақтарсам... 
(ақын Фаризамен)

Кей сәтте  ...
Бұл жүрегім қан жылайды...
Қан жылап, аласұрып мың жылайды.
Жалғанның жарымынан дос таба алмай,
Жетімдей босағада жалтаңдайды.

Баз кештім.
Көрсоқыр мен жүрексізден,
Пендені өлшеп тұрған мансаппенен.
Ақиқат сорлы болып өтіріктен,
Тұншығып жатыр әне параменен.

Бұл күнде қажет емес білім деген,
Қалтаға телміреткен... құрғыр өңшең.
Тілім тұр алақұйын жел өтінде,
Қал-құлттап. Өзге тілдер өгейлеткен.

Кешегі арыстары Алашымның,
Бүгіннің Азаттығын арман еткен.
Тілі бір, діні Ислам, ділі берік,
Ұрпақты  көремін деп  жан беріскен.

Қалайша аманатты арамдадық?
Намыссыз  ұл-қыз боп жаратылдық.
Өзекке қазақ тілін тебендей,
Санасы таяз ұрпақ қалай  тудық?

Кәпір боп кете ме  ұрпақтарың,
Некелеп өзге ұлтқа жырақтаттың.
Сәбидің қара көзін жәудіретіп,
Теңізден асырып-ақ сатып тындың.

Болмаса ибалықтан қызың  кетті
Атанып бала шақтан ана көкек.
«Ұяттан – өлім күшті» деген қазақ,
 Тектісің. Ұрпағыңа жаса көмек.

Миқұрттар мазалайды мына мені,
Алаштың қалай болар бәз ертеңі?
Қашанғы  құлдық сана бұғау болып,
Ұрпағың шүлдірлемек өзге тілде?

Өзіңмен сыр ақтардым айып етпе,
Жалғанда дос  таппадым  мына мен де.
Мұқаңмен мұң шертіскен бақыттысыз,
Шерлі өлең сыбызғысын тарттың деме.



Жүрекпен тыңда дейсің адамзатқа,
Береке болсын дейсің жамағатта.
Шайқалмай шаңырақтың несібесін,
Ұрпаққа  салт-санаңды  аманатта.

Жетімді жебей жүр деп жыр арнадың,
Жырыңнан мейірімді сан аңғардым.
Шындықтың шымылдығын аша түсіп,
Парладың ақ бұлттармен Ана ақын.

Сезімнің самал желі жырыңда бар,
Еліңнің  ұлағаты бойыңда бар.
Әрдайым жырыменен әлдилейтін,
Халқымның Фаризадай қыздары бар.
 Гүлназ Бөкен,
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ.,
қазақ филологиясы кафедрасының магистр оқытушысы






Комментариев нет:

Отправить комментарий